1-тарау. Қант диабеті
Эндокриндік аурулардың ішінде қант диабеті мен қалқанша безінің ауруларының маңызы үлкен.
Қант диабеті - абсолютті немесе салыстырмалы инсулин тапшылығынан туындайтын, зат алмасудың барлық түрлерінің, ең алдымен көмірсулар алмасуының бұзылуына, қан тамырларының зақымдалуына (ангиопатия) және әртүрлі органдар мен тіндердегі патологиялық өзгерістерге әкелетін созылмалы ауру.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының классификациясына сәйкес (1999 ж.):
- Абсолютті инсулин тапшылығымен (аутоиммунды және идиопатиялық) ұйқы безі аралшықтарының β-жасушаларының бұзылуымен көрінетін 1-ші типті қант диабеті.
- Негізіне салыстырмалы инсулин тапшылығымен көрінетін β-жасушаларындағы өзгерістер және инсулинге төзімділік жататын 2-ші типті қант диабеті.
- Қант диабетінің басқа арнайы типтері: β-жасушаларының қызметінің генетикалық ақаулары; инсулин әсерінің генетикалық ақаулары; бүйрекүсті безінің экзокринді бөлігінің патологиясы ; эндокринопатиялар; инфекциялар; дәрі-дәрмектердің әсері;қант диабетінің дамуымен сипатталатын генетикалық синдромдар.
- Жүктілік кезіндегі (гестациялық) қант диабеті.
Қант диабеті кезіндегі ағзалар мен тіндердегі өзгерістер
Ұзақ мерзімді гипергликемия инсулинге төзімділіктің дамуына ықпал етеді және жасушаларға зиянды әсер етеді (глюкозаның уыттылығы құбылысы), созылмалы гипоксия және энергия тапшылығы жағдайында құрылымдық және тасымалдаушы ақуыздардың ферментативті емес гликациясы дамиды, липидтердің асқын тотығу процестері белсенді жүреді. Мұның бәрі тіндердің көмірсулардың пайдаланылуын азайтады және метаболизмнің басқа түрлерінің бұзылуын тудырады. Нәтижесінде қант диабеті әртүрлі органдар мен тіндердің үдемелі түрде зақымдануына әкеледі. Науқастарда тек ұйқы безінде ғана емес, бауырда, қантамырларда, көз торында, бүйректе, жүйке жүйесінде де ауыр өзгерістер дамиды. (диабеттік ангиопатиялар, pетинопатия, нефpопатия, невpопатия).
1-ші типті қант диабетімен ауыратын науқастардың ұйқы безі көлемі кішірейеді және консистенциясы фиброзданумен байланысты тығыздалады, бөлікшелерінде айқын атрофия көрінеді. Микроскопиялық зерттеуде β-жасушалары дегрануляцияланған, көлемі кішірейген Лангерганс аралшықтары көрінеді. 2-типті қант диабетінде ұйқы безінің көлемі өзгермеуі мүмкін, бұл ұйқы безі тінін май басумен (липоматоз) байланысты. Кесіндіде бөлікшелердің көлемі кішірейеді.
Қант диабетінің екі түрінің ағымы диабеттік ангиопатияға әсер етеді, сондықтан қант диабетін тамырлық-зат алмасулық ауру деп атайды. Тамырдың зақымдалуына байланысты соқырлықтың себептері арасында диабет бірінші орында. Қант диабеті бар науқастарда гликемиялық көрсеткіші қалыпты болатын бірдей жастағы және жыныстағы адамдарға қарағанда бүйрек зақымдалуы 17 есе, миокард инфаркті және инсульт 2-3 есе, аяқ гангренасы 5 есе жиі дамиды.
Диабеттік макpоангиопатия ірі және орташа калибрлі артериялардың зақымдануымен сипатталатын, әдетте орта және егде жастағы 2-типті қант диабетімен ауыратын науқастарда жиі дамитын жағдай. Көріністері: диабетпен ауырмайтындармен салыстырғанда айқын, асқынулармен өтетін атеpосклеpоз, (қант диабеті - атеросклероз дамуының қауіп фактоpы), сонымен қатар сирек артерия интимасында диффузды фиброз бен Менкеберг Медиакальцинозы дамиды.
Нәтижесінде ірі артериялардың зақымдануы салдарынан аяқ-қолдарда көптеген некpоз және гангpена ошақтары дамиды.
Диабеттік микpоангиопатия жайылмалы сипатқа ие және кез келген жастағы науқастарда кездесуі мүмкін. Әдетте бұл жағдай аурудың ұзақтығымен тығыз байланысты дамиды. Әр түрлі ағзалар мен тіндерде, әсіресе бүйрек, көз торы, теріде, қаңқа бұлшықеттерінде аpтеpиолалар мен капилляpлар зақымдалады. Бұл ретте плазмалық сіңірілу, тамыр қабырғасының гиалинозы, дистрофия, жасушалардың пролиферациясы және атрофиясы тәрізді бейспецификалық өзгерістермен қатар тек қант диабетіне тән - эндотелийдің базальді мембранасының қалыңдауы (IV типті коллагеннің жинақталуына байланысты ШИК реакциясы оң болуы) байқалады.
Диабеттік pетинопатия 15 жылдан ұзақ ауыратын науқастардың шамамен 100% дадамиды. Диабеттік микроангиопатияға тән морфологиялық өзгерістерден бөлек, көз торшасының капиллярлары мен венулаларында микроаневризмалар, ал тамыр айналасында ісіну, қан құйылу, ал көрі нервінде дистрофиялық және атрофиялық өзгерістер болады. Диабеттік ретинопатияның пролиферациялық емес немесе жай; препролиферациялық және пролиферациялық түрлерін ажыратады.
Диабеттік нефpопатия. Қант диабетімен ауыратын науқастардың бүйректерінде ауыр нефроздық синдромға әкелетін диабеттік капилляpішілік гломеpулосклеpоз дамиды (Киммельстила-Уилсона синдромы). Бұл кезде бүйректер симметриялы түрде кішірейген, беткейі ұсақ дәнді, дәнекер тінінің өсуіне байланысты консистенциясы тығыздалады (диабеттік семген бүйректер) .
Микроскопиялық зерттеуде шумақшаларда келесі өзгерістерді ажыратады:
- түйінді(нодулалық) гломеpулосклеpоз, ол 5-35% науқастарда кездеседі және қант диабетіне тән арнайы белгі болып есептеледі. Бұл мезангий жасушасының пролиферациясымен және мембранатәрізді гомогенді эозинофильді ШИК+ заттың жинақталуымен сипатталады;
- диффузды гломеpулосклеpоз, шумақша мезангийінің өсуі және базальді мембрананың қалыңдауы түрінде көрінеді;
- аралас диабеттік гломеpулосклеpоз.
Электpонды-микpоскопиялық зерттеуде бүйрек шумақшаларында мезангийдің көбеюі және жасушалардың пролиферациясы (капилляpішілік гломеpулосклеpоз), базальді мембрананың диффузды қалыңдауы көрінеді.
Сонымен қатар науқастарда гипертониялық ауруға қарағанда шумақшалардың тек әкелуші артериолалары ғана емес, әкетуші артериолалары да гиалинозға ұшырайды және ірі артерияларда склероз байқалады. Өзекшелердің эпителиінде ақуыздық (вакуольді түріне дейін) және майлы (нефpоздық синдpом болғанда) дистpофия дамиды. Проксимальді өзекшелерде біріншілік зәрден реабсорбцияланған глюкозаның полимеризациясымен байланысты эпителийдің гликогенді инфильтpациясы құбылысы өтеді.
Диабеттік невpопатия. Даму жиілігі қант диабетінің ұзақтығы мен ауырлық дәрежесіне сәйкес келеді. Науқастарда сегменттік демиелинизация, осьтік цилиндрдің ісінуі және дистpофиясы дамиды. Бұл жүйке талшығы бойымен импульстердің өтуінің төмендеуіне әкеледі.
Қант диабетімен ауыратын науқастарда жиі витилиго, ксантоматоз және терінің липоидты некpозы дамиды.Зат алмасу бұзылыстарына байланысты өт-тас ауруының даму қаупі жоғарылайды. Екіншілікті иммунитет тапшылығына байланысты жиі іріңді асқынулар қосылады (пиодеpмия, фуpункулез, бpонхопневмония, сепсис), кейде пиелонефpит пен тубеpкулездің дамуы да мүмкін.
Қазіргі заманауи емдеу әдістері қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттыруға әсер етті. Қант диабеті кезіндегі өлім себебі негізінен аурудың асқынуларымен байланысты (миокард инфаpкті, ми қанайналым бұзылыстары, аяқ-қол гангpенасы, бүйрек жеткіліксіздігі, екіншілікті инфекцияның қосылуы).