Бейімделу - бұл жасуша құрылымы мен қызметінің қайта құрылуына алып баратын зақымдануға деген қайтымды жауап. Оның нәтижесінде бейімделу және жоғалған функцияның орнын толтыру дамиды, бұл жасушалардың аман қалуына және қызметін жалғастыруына мүмкіндік береді. Бейімделу, жасушаның қайтымды зақымдануы, жасуша өлімі - зақымдануға жауап ретінде дамитын бір прогрессивті үдерістің жеке кезеңдері болуы мүмкін. Зақымдаушы тітіркендіргіш жойылғаннан кейін жасуша ешқандай ауыр салдарсыз толық қалпына келе алады.
Медицина әдебиетінде бейімделу процестері «компенсациялық-бейімделу үдерістері» терминімен белгіленеді. Сонымен бірге бейімделу - ол қалыпты жағдайда және патологияда гомеостазды сақтауға бағытталған организм функцияларының реттеудің барлық түрлері ретінде түсініледі. Компенсация - ол зақымдануға немесе ауруға байланысты бұзылған функцияларды қалпына келтіруге бағытталған дене реакцияларының кешені болып табылады. Бұл патология жағдайында дамитын бейімделу формаларының бірі, сондықтан компенсация реакциялары медицина және патология саласына жатады.
Медицинада бейімделу және компенсация бірін-бірі толықтырады, сондықтан бұл компенсациялық-бейімделу үдерістері туралы айтуға мүмкіндік береді.
Бейімделу үдерістері молекулалық, ульрақұрылымдық, жасушалық, тіндік, ағзалық, жүйелік және организмдік деңгейде жүзеге асады; олардың барысында кезеңдері ажыратылады: құрылымдардың бастапқы гиперфункциясы, салыстырмалы тұрақты компенсация және энергияның сарқылуы (декомпенсация).
Бейімделу реакциялары келесі негізгі үдерістермен ұсынылған: репаративті регенерация, гиперплазия, гипертрофия, атрофия және тіндердің қайта құрылымдалуы.